2026 жылдың жазында қазақстандық талант Дастан Сәтпаев қосылуы тиіс лондондық «Челси» жақын арада жаңа жұлдызды бапкерге ие болуы мүмкін.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, ағылшын клубының басшылығы Хаби Алонсоның өкілдерімен тікелей келіссөз жүргізген. Испаниялық маманға қатысты соңғы шешім алдағы күндері қабылдануы мүмкін.
Қазіргі таңда «Челси» Англия Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 49 ұпаймен тоғызыншы орында келеді. Клуб басшылығы келесі маусымда команданың нәтижесін жақсартуды көздеп отыр.
Лондондықтардың бапкерлік тізімінде Марку Силва, Андони Ираола, Оливер Гласнер және Филипе Луис те болған. Алайда британдық БАҚ мәліметінше, дәл Хаби Алонсоның кандидатурасы клуб ішінде ең жоғары қолдауға ие болды.
2026 жылдың қаңтарында мадридтік «Реал» Хаби Алонсомен ресми түрде қоштасты. Ол команданы 2025 жылдың мамырынан бері жаттықтырған болатын.
Испаниялық маманның жетекшілігімен «Реал» барлық турнирде 34 матч өткізді. Команда 24 жеңіске жетіп, төрт рет тең түсіп, алты мәрте жеңілді. Осы уақыт ішінде мадридтік клуб 72 гол соғып, 38 доп өткізіп алды. Он матчта команда қақпасына гол жібермеді.
«Реалға» дейін Алонсо Германияның «Байерін» жаттықтырып, клуб тарихындағы ең үлкен жетістіктердің біріне қол жеткізді.
2023/24 жылғы маусымда леверкузендік клуб тарихында алғаш рет Германия чемпионы атанып, сондай-ақ ел Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды.