Қазақстан ұлттық құрамасының және «Ақтөбе» командасының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев эксклюзивті сұхбатында Sports24.kz порталына атақты португалиялық футболшы Луиш Нанидың қазақстандық клубтағы ойыны туралы пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы жартылай қорғаушысы әзірге үмітті толық ақтай алмай келеді және клубқа тек қосалқы ойыншы ретінде ғана пайдалы болар еді.
«Нани – нәтижені талап етуге болатын ойыншы емес, ол біз үшін алаңға шығып, шоу жасайтын футболшы. Өз пікірімнен қайтпаймын: ол негізгі құрам ойыншысы емес. Ол – 15-20 минутқа алаңға шығып, финттер көрсететін, шоу жасайтын футболшы», – деді Алмат Бекбаев.
Бұған дейін португалиялық футболшы қазақстандық клуб сапындағы алғашқы голдарын соқты. Ол «Елімайға» қарсы Қазақстан кубогының 1/8 финалдық ойынында дубльдің авторы атанды, кейінірек Қазақстан премьер-лигасындағы ойын жағдайына әлі де бейімделіп жатқанын мойындады.