«Мартинге келетін болсақ – оның бас төрешімен нақты не туралы сөйлескенін білмейміз, сондықтан төрт матчтық дисквалификацияның қаншалықты әділ екенін айта алмаймын. Бірақ екінші таймның соңындағы пенальтиге қатысты айтар болсам – мен таңқалдым. «Алтай» қорғаушысы допты қолымен жанап өтті, бұл – 100 пайыздық пенальти. Ол құлап бара жатса да, қолымен доптың бағытын өзгертіп жіберді.
Төреші Искаков бастапқыда нүктені көрсетіп, дұрыс шешім қабылдаған еді. Алайда оны VAR төрешісі шақырып, нәтижесінде шешім өзгертілді», –деді Қошқаров.
Бұған дейін ҚФФ Төрелік ету және инспекциялау департаментінің директоры Нуну Каштру осы эпизодты талдай келе, бұл сәтте он бір метрлік айып соққысын белгілеуге негіз болмағанын мәлімдеген еді.
Еске сала кетейік, матч қорытындысы бойынша «Ордабасы» бапкері Андрей Мартин ресми тұлғаларға қатысты агрессивті мінез-құлық көрсеткені үшін төрт ойынға шеттетілді.