Мадридтік «Реал» ресми сайтында жартылай қорғаушы Федерико Вальверденің денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін БАҚ беттерінде уругвайлық футболшының таңертең команданың киім ауыстыратын бөлмесінде командаласы Орельен Тчуаменимен төбелесіп қалып, ауруханаға жеткізілгені туралы хабарланған болатын.
«Бүгінгі медициналық тексерулердің нәтижесі бойынша біздің ойыншымыз Феде Вальвердеге ми шайқалуы (бас сүйек-ми жарақаты) диагнозы қойылды.
Вальверде қазір үйінде, жағдайы жақсы. Ол аталған диагноз кезіндегі медициналық хаттамаларға сәйкес 10-14 күн бойы тыныштық сақтауы тиіс», — делінген «корольдік клубтың» мәлімдемесінде.
Осылайша, Вальверде 10 мамырда өтетін Ла Лиганың 35-турындағы «Барселонаға» қарсы ойынға қатыса алмайды.