«Қайрат» клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне қатысқаны үшін қанша табыс тапқанын айтты, деп хабарлайды Kana Beisekeyev YouTube-арнасы.
— Чемпиондар лигасынан қанша табыс таптыңыздар?
— Бұл құпия ақпарат.
— Бірақ ол ақпарат барлық жерде бар ғой. Жалпы түсім жаман емес пе?
— Жалпы алғанда, медиақұқықтардан түсетін қаржыны да күтіп отырмыз, шамамен 35 миллион доллардың айналасында.
Ағымдағы еурокубок маусымында «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шықты. Алматы клубы іріктеудің төрт кезеңінен өтті. Жалпы кезеңде «Спортингке» (1:4, сырт алаңда), «Реалға» (0:5, өз алаңында), «Пафосқа» (0:0, өз алаңында), «Интерге» (1:2, сырт алаңда), «Копенгагенге» (2:3, сырт алаңда), «Олимпиакосқа» (0:1, өз алаңында), «Брюггеге» (1:4, өз алаңында) және «Арсеналға» (2:3, сырт алаңда) қарсы ойнады. Бір ұпай жинап, турнирлік кестеде 36-орынмен соңғы болып қалды.