«Аякс» бұл жаздағы трансферлік терезеде үлкен пайда табуы мүмкін, себебі «Челси» болашағы зор Мика Годтсқа қызығушылық танытып отыр.
Белгілі журналист әрі инсайдер Экрем Конур әлеуметтік желідегі X парақшасында жазғандай, «Аякстың» 20 жастағы вингері Мика Годтс лондондық «Челсидің» назарын өзіне аударды.
Баяндалғандай, «Челси» скауттары Годтстың талантына жоғары баға беріп, клуб басшылығына оның команда стиліне тамаша үйлесетінін жеткізген.
«Аякс» өз вундеркингін сатуға дайын, алайда ойыншы құны күрт өсуі мүмкін Әлем чемпионатынан кейін жасағанды жөн көреді.
Биыл бельгиялық жас футболшы «Аякс» сапында 38 матч өткізіп, 15 гол соқты, 12 нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталы оның нарықтық бағасын қазіргі таңда 25 миллион еуроға бағалап отыр.
Айта кету керек, Годтс Бельгия ұлттық құрамасында екі ойынға қатысып үлгерген (нәтижелі әрекетсіз).
Годтс шабуылдың екі қапталында да ойнай алатын әмбебап вингер, бұл оны жазда лондондық клубқа қосылатын Дастан Сатпаевқа әлеуетті бәсекелес етеді.
Осы аптада Лиам Росеньор «көктер» бас бапкер қызметінен босатылды. Клуб маусым соңына дейін команданы Каллум Макфарлейн басқаратынын мәлімдеді.
21 сәуірде «Челси» Англия премьер-лигасында бесінші рет қатарынан жеңіліске ұшырады. Бұл жолы Брайтонда 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Осылайша, «пенсионерлер» соңғы бес ойында жалпы 0:11 есебімен ұтылып, 1998 жылғы антирекордтарын жаңартты.