«Қайсардың» орталық қорғаушысы Нияз Идрисов Қазақстан Кубогының 1/4 финалындағы «Тобылмен» өткен матчтан (1:1, пен. бойынша 5:3) кейін ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында өз әсерімен бөлісті.
«Әдеттегідей, бұл біз үшін өте маңызды ойын болды. Мұндай сәттерде ұжым шыңдалып, мінез көрінеді. Әр футболшының әріптестері, бапкерлер штабы және ең бастысы – жанкүйерлер үшін соңына дейін күресуге деген құлшынысы өте жоғары. Олардың қолдауы біз үшін өте құнды, сондықтан жағдайды түзеуге тырысып жатырмыз.
Бүкіл команданың Святославовичпен (Ферапонтов – ред. ескертпесі) қарым-қатынасы өте жақсы, сенім басым. Атмосфера – тамаша. Айта кету керек, тығыз кесте физикалық және эмоционалды түрде әсер етіп жатыр. Осы кезеңнен өткеннен кейін «Қайсар» бұдан да күшейе түседі деп сенемін», – деді Идрисов.
Нияз Идрисов пенальти сериясында қостанайлықтар қақпасына шешуші голды соқты. Ал матчтың негізгі уақытында Бақдәулет Көңлімқос пен Дәурен Жұмат голдарымен алмасты. Жарыстың жартылай финалында «Қайсар» «Жеңіспен» кездеседі.
Айта кетейік, Андрей Ферапонтовтың шәкірттері чемпионат кестесінде соңғының алдындағы – 15-орында тұр. 50 жастағы маман кезекті сәтсіздік орын алған жағдайда қызметінен кетуі мүмкін.