Шушеначев дәл қазіргі сәтте гол соғып тұрған, қазақстандық төлқұжаты бар ең жақсы шабуылшы. Оны статитиканың өзі айтып тұр. Артурдың әрбір ойынын қарап жүрмін. Енді ол матч сайын гол соға бермейді ғой. Екі-үш ойында жақсы ойнап, бір ойында көрінбей қалуы мүмкін. Кеше «Қайсар» қақпасына гол соқты. Жалғыз өзі жоқ жерден гол соғатын мүмкіндік жасады.
«Ақтөбенің» жанкүйерлері қалайша Шушеначевке сын айтады? Артур дәл қазір командадағы нөмірі бірінші футболшы болып тұр ғой. Гол соға алмай қалған сәтін қиып алып, әлеуметтік желіге салып, клубтан кетсін деген дұрыс емес. Олай жасасақ, Мессиді де жер қылып тастауға болады.
Артур Израиль чемпионатына барды. Ресей чемпионатында «Сочидің» намысын қорғады. Сол жақтарға барып, күшейіп келді. Қазір Қазақстандағы нөмірі бірінші шабуылшы, сұрмерген болып тұр.
«Ордабасыға» қарсы ойында гол соға алмағаны рас. Бірақ ол сол сәтте үлкен жылдамдықпен келе жатты, доп сол аяғына келіп қалды. Оның үстіне, қақпада анау-мынау емес, Бекхан Шайзада тұрды. Басқа шабуылшылар болғанда Артур секілді ашыла алмай, ойланып қалатын еді», – деді Мәулен «Бірінші бол» арнасындағы подкастта.
28 жастағы шабуылшы ҚПЛ-дың осы маусымында 9 ойынға қатысып, 4 гол соқты, 2 нәтижелі пас берді. Қазақстан кубогында бір матч өткізіп, бір голды өз атына жазды.