«Жас кезімде Жапонияда ойнап жүргенмін. Бір күні Аргентинамен байланысы бар агент осындай мүмкіндік ұсынды. Еш ойланбастан келістім. Себебі «Ньюэллс» клубы Мессимен тікелей байланысты, ал Росарио – оның туған қаласы. Әрине, бұл маған ерекше әсер қалдырды.
Оңтүстік Америкадағы тәжірибе мені шыңдады. Тіпті, футболдың негізін сол жақта үйрендім десем, артық айтқаным емес. Бұл өмірімдегі маңызды кезең болды. Ең қатты таңғалдырғаны – түнде атылған оқ дауыстары еді, сондай кезде ұйықтаудың өзі қиынға соқты», – деді Симамура.
26 жастағы Юси Симамура «Ертіс» клубына наурыз айында Словакияның «Михаловце» командасынан ауысып келді. Қазақстан Премьер-лигасындағы төрт матчта бір гол соғып, бір пенальти алып берді.
«Ньюэллс Олд Бойз» – Аргентинадағы танымал клубтардың бірі. Дәл осы командада сегіз дүркін «Алтын доп» иегері Лионель Месси кәсіби мансабын бастаған. Клубтың вице-президенті Хуан Мануэль Мединаның айтуынша, басшылық шабуылшыны 2027 жылы қайта қатарға қосу үшін жұмыс істеп жатыр.