Эден Азар үздік дриблинг шеберлерінің қатарында Месси, Роналду, Роналдиньо, Роббен, Неймар мен Марселоны атады.
So Foot басылымына берген сұхбатында «Реал» мен «Челсидің» бұрынғы жұлдызы бразилиялық ойыншылардың техникасын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Роналдиньо, Виллиан, Неймар және Марсело – дриблингтің нағыз шеберлері.
«Марсело әрқашан допты жанынан тастамайтын, тіпті әжетханаға да бірге алып кіретін», – деп әзілдеді бельгиялық.
Азар өзін әрдайым бразилиялықтарға жақын сезінгенін айтады. Тіпті алғашқы электрондық поштасы edeninho10ZZ деп аталған. «Кез келген бразилиялықпен кездескенде, өзімді Азардиньо деп таныстырамын», – дейді ол.
Сонымен қатар, бельгиялық дриблинг шеберлігімен есте қалған Лионель Месси, Арьен Роббен, Рияд Марез бен Хавьер Пасторені де атап өтті. Ал Криштиану Роналду жайлы:
«Ол «Манчестер Юнайтедта» ойнаған кезі ерекше еді. Допты алып жүруі, финттері, пас беруі – бәрі керемет болатын», – деп еске алды Азар.