«Қайрат» футбол клубы Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің үшінші раундындағы ойын алдында «Слованның» бас бапкері әрі «Қайраттың» бұрынғы жаттықтырушысы Владимир Вайспен болған кездесуінің мән-жайын бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.
– Владимирмен ескі достардай көрісіп, шын көңілмен әңгімелестік. Үш жыл бірге қызмет атқарған кезеңде ол клубтың дамуына айрықша үлес қосты. «Қайратта» еуропалық жұмыс үлгісін енгізген алғашқы бапкерлердің бірі болды, біз одан көп нәрсе үйрендік. Оны өз ісінің нағыз шебері деп санаймын: «Қайраттан» кейін Грузия құрамасын жоғары деңгейге көтеріп, Еуропа чемпионатына шығуға бір ғана қадам жетпей қалды. Қазір Словакияның жетекші клубтарының бірі – «Слованды» табысты басқарып отыр, – деді Боранбаев.
Боранбаевтың айтуынша, әңгіме барысында ең алдымен «Бордоға» қарсы өткен тарихи ойындар еске түскен.
– Ол кезде Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға өте жақын болдық. Ортақ естеліктеріміз көп, арадағы байланысымыз әлі күнге дейін достық күйінде сақталған. Жалпы, «Қайратта» еңбек еткен барлық бапкерлермен хабарласып тұрамыз, амандық-саулық сұрап, әрдайым табыс тілейміз, – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, 6 тамызда Алматыда өткен алғашқы ойында Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Жеңіс голын 90-шы минутта 16 жастағы Дастан Сәтпаев пенальтиден соқты.