Лионель Месси қазіргі маусымда MLS лигасындағы ең жоғары жалақы алатын футболшы атанды. Бұл ақпарат mlsplayers.org жариялаған есепте көрсетілген.
Аргентиналық шабуылшының 2026 жылғы маусымдағы жалақысы — 28,3 миллион доллар. Рейтингтің екінші орнына Сон Хын Мин жайғасты. Лос-Анджелес шабуылшысы осы маусымда 11,1 миллион доллар табыс табады.
Үздік үштікті Родриго Де Пауль түйіндеді. Интер Майами жартылай қорғаушысының жалақысы — 9,7 миллион доллар.
Ал Томас Мюллердің Ванкувер Уайткэпс сапындағы маусымдық жалақысы шамамен 5,2 миллион доллар болса, Алексей Миранчук Атланта Юнайтед клубында шамамен 5,1 миллион доллар алады.
Лионель Месси Интер Майами сапында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол клубпен бірге MLS тұрақты чемпионатын, плей-офф турнирін және Лигалар кубогын жеңіп алған. Аргентиналық футболшының Флорида клубымен жасасқан келісімшарты 2028 жылдың соңына дейін жарамды.